Ректор студенттермен кездесті.

12.10.2022 күні Баишев университетіміздің ректоры Ташмухамбетов Бауыржан Ғалиханұлы студенттермен кездесу өткізді. Жыл сайын жаңа оқу жылының басында өткізілетін бұл кездесудің мақсаты университеттегі білім жүйесімен және де тыныс тіршілігімен бөлісу, жастардың ізденістері мен шығармашылығын дамыту бағытындағы жоспарлармен, университеттің ішкі тәртіп ережелерімен және түрлі жеңілдіктермен, жағымды жаңалықтармен таныстыру болды.
Жоспарлағандай-ақ кездесуде студенттерді мазалап жүрген оқу үрдісіне байланысты, немесе студенттік өмірдің басқа да жағына қатысты сұрақтарын қойып, толық жауап алып, тарқасты.
Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан оқу орны басшысы мұндай кездесулердің дәстүрлі және екі жаққа да өте қажет екенін айтты. «Өйткені оқу орны басшылығына студенттер қалай орналасып, қалай үйреніп жатқанын білу керек. Осыған байланысты құнды ұсыныстарды, жай пікірлеріңізді, тіпті сындарыңызды естігіміз келеді. Ректорға бәрің кіре алмайсыңдар. Жалпы айына екі рет мен студенттерді қабылдаймын, өз сайтым бар, әлеуметтік желідегі жеке парақшама хабарласып тұруға болады. Бүгін қысылып, қымтырылмаңыздар, сендерді ашық әңгімеге шақырамын»,- деп ректор Ташмухамбетов студенттерді өзімен ештеңені жасырмай пікірлесуге шақырды.
Студенттер өз кезегінде ректорға қойған сұрақтарында оқу ақысы, қоғамдық өмір, университетіміздің тұрмыстық жай-жапсарлары т.б. көптеген мәселелерді қамтыды. Барлық сұрақтарға университет ректоры толыққанды жауап беріп отырды.
Кездесу қорытындысы бойынша міндетті түрде іс-шаралар жасалатынын, олардың орындалу барысын өзі қатаң бақылауға алатынын айтты. Студенттер көтерген мәселелер 100 пайыз орындалмағанымен, басым көпшілігі өз жауаптарын табатынын ректор тілге тиек етті.

