Новости

Волонтерлік – студенттік қоғамдық қызметтің ерекше нысаны ретінде

2020 жылдың 25 қарашасында Баишев университеті, Краков педагогикалық университеті, Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен жоғары оқу орындарының бастамасымен ұйымдастырылған «Жас қоғам қайраткері; мәселелері мен мүмкіндіктері» – «волонтерлік студенттік қоғамдық қызметтің ерекше нысаны ретінде» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстандағы еріктілер жылын мерекелеу аясында өткізілді. Дөңгелек үстел қашықтықтан, Польша мен Өзбекстанның серіктес жоғары оқу орындарының қатысуымен Google Meet платформасы арқылы ағылшын тілінде өткізілді.

Модераторлар, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жайық Сұлтан (Баишев университетінен) және әлеуметтік ғылымдар PhD Матеуш Камионка (Краков педагогикалық университетінен) дөңгелек үстел қонақтарын таныстырды. Кіріспе сөз Баишев университетінің ректоры Бауыржан Ташмухамбетовке, Краков педагогикалық университетінің ынтымақтастық және даму жөніндегі проректоры, профессор Алисия Панасевичке, сондай-ақ Краков педагогикалық университетінің саяси және әкімшілік ғылымдар институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, PhD Иоанна Подгурска-Рыкала берілді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бибігүл Құсанова, магистр, Шет тілдері және әдебиет кафедрасының аға оқытушысы Райхан Жолмурзаева және экономика ғылымдарының магистрі, халықаралық байланыстар және академиялық ұтқырлық бөлімінің бастығы Жанат Ерниязова Баишев елдегі және университеттегі волонтерлік қызмет, жастар мен волонтерлік қызметке қолдау көрсету бағдарламаларының жүзеге асырылуы жөнінде ақпаратпен және волонтерлік қызметтегі өз тәжірибелерімен бөлісті.

Одан әрі модераторлар Қазақстан және Польша университеттерінің білім алушыларына сөз берді. Жоғары оқу орындарының атынан магистранттар мен студенттер еріктілік аясындағы өз тәжірибелерімен және қоғамдық қызмет туралы көзқарастарымен бөлісті. Пікірталас барысында еріктілік қызметке ерекше көңіл бөле отырып, жастар мен студенттердің әлеуметтік белсенділігі, жастарды ынталандыру мен көшбасшы бола білу талқыланды. Үш елдің студенттері студенттік кәсіпкерлік, қайырымдылық және қоғамдық ұйымдар туралы айтты. Қатысушылар өздерінің әр түрлі саладағы қоғамдық жұмыстарымен, соның ішінде хоспистегі, мұқтаж адамдармен жұмыс тәжірибесімен, қаламыздағы қаңғыбас иттер мен мысықтардың жайы туралы және басқа да ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, Өзбекстандық қатысушылардың арасынан Бердаха атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің Экономика кафедрасының докторанты еліндегі адам саудасы мәселесін қозғады.

Сөз сөйлеушілер шара қатысушыларын қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік осал топтардың немесе қоғамдастықтардың адамдарына өзара көмек көрсету және қолдау саласындағы және экономиканы дамытуға ықпал ететін тиімді стартап-технологияларды енгізу саласындағы волонтерлік қызметтің бағдарламалары мен жалпыұлттық жобаларын іске асыру тәжірибесімен таныстырды.

Қатысушы жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары түрлі елдердегі жастар қоғамдық ұйымдарын мемлекеттік қолдаудың қазіргі кедергілері мен бағыттары туралы пікірталасқа қатысып, тәжірибелерімен бөлісті.

Баишев университеті және Краковтың педагогикалық университеті 2016 жылдан бастап байланыс жасап келеді. Осы жылдар ішінде екі университеттің оқытушылары мен қызметкерлерінің қатысуымен конференциялар мен түрлі білім беру және ғылыми іс-шаралар, соның ішінде Erasmus+ бағдарламасы аясында академиялық ұтқырлық бойынша оқытушылар мен қызметкерлермен алмасу жүзеге асырылды.

Аталған халықаралық дөңгелек үстел екі елдің университеттері студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылған алғашқы шара, студенттер арасында байланыс орнатылды. Қатысушылар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында келешекте бірлескен жобалар мен шараларды жүзеге асырады деп сенеміз.

Смотрите также