Баишев университеті Мерсин университетінің Халықаралық онлайн симпозиумына қатысуда

22-24 қазан аралығында Түркия, Мерсин университеті ұйымдастырған «The 4th International Mersin Symposium» («Мерсиндегі 4-ші Халықаралық симпозиум») және «The 4th International Mediterranean Symposium» (4-ші Халықаралық Жерорта теңізі симпозиумы) ZOOM бағдарламасының онлайн-форматында өтуде.

Ашылу салтанатына Баишев университетінен Университет ректоры Бауыржан Ташмұхамбетов, әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Мұхтар Миров, Білім берудің жоғары мектебінің деканы Абай Дүйсенбаев, Есеп және қаржы кафедрасының меңгерушісі Шыныбек Бұхарбаев және Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Жұбаназар Асанов қатысты.

Сондай-ақ, іс-шарада Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ирак, Түркия, Македония, Ресей және т.б. елдердің ғалымдары өз баяндамаларын ұсынып, симпозиумда мәдени, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді көтерді. Симпозиумда ұсынылған баяндамалар көрсетілген салалардағы жалпы академиялық зерттеулердің барлық түрлерін: қоршаған ортадан экономикаға дейін, денсаулық сақтау ісінен ядролық энергияға дейін, ауыл шаруашылығынан өнеркәсіп пен саудаға дейін қамтыды.

Баишев университеті Mer-Ak Mersin Academy Consulting академиясымен 2019 жылдың қазан айынан бастап ынтымақтықта. Мерсин қаласында Мерсин университеті мен Mer-Ak Mersin Academy Consulting ұйымдастырған III Халықаралық Мерсин симпозиумы мен III Халықаралық Жерорта теңізі симпозиумын өткізу кезінде Түркі халқы ғылым академиясының қоры құрылды. Қор құрылған күннен бастап «Жалаңтөс Баһадүр және түркі әлемі» атты халықаралық конференция, «Түркі әлеміндегі танымал тұлғалар» атты халықаралық онлайн-конференция сияқты түркі әлеміне арналған көптеген іс-шаралар өткізілді, Ақтөбе облысы әкімінің қатысуымен Ер Едіге «Едіге батыр» эпосының бас кейіпкері ескерткішінің ашылуы өтті, Түркиядағы Мерсин университеті «Түркі әлемінің білім академиясында» Баишев Университеті жоғары білім беру мектебінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор А.Қ. Дүйсенбаевтың «Түркі халықтарының этнопедагогикасы» монографиясы жарық көрді.