Баишев Университеті

Баишев Университеті

«Үздік әдістемелік жоба-2021» байқауы

Баишев университетінде 2021 жылдың 2 сәуірінде «Үздік әдістемелік жоба» байқауының қорытытындысы бойынша жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Байқаудың өзі онлайн режимінде Академиялық департамент (директор п.ғ.к. Бодыкова И.Н.) ұйымдастыруымен өткізілген болатын.Байқауды өткізудің мақсаты – университет оқытушыларының үздік әдістемелік жобаларын анықтап, озық педагогикалық тәжірибені тарату, профессор-оқытушылар құрамының  ғылыми-педагогикалық біліктілігін арттыру, әдістемелік шеберлігін жетілдіру, оқытудың инновациялық технологияларын, белсенді оқыту әдістерін оқу процесіне ендіруге оңтайлы орта қалыптастыру. Байқауда сараптау комиссиясы әділқазылық етті. Ташмухамбетов Б.Г. – төраға, университет ректоры, PhD. Комиссия мүшелері:  Сейтенова С.С. – «Мектепке дейінгі және бастауыш білім» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., қауымдастырылған профессор, Мусиров Ғ.М. – э.ғ.к., қауымдастырылған профессор, Шукурова Б.М. – «Экономика және басқару» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., доцент, Беркешева А.С. – «Инженерия және көлік қызметтері» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент. Әділқазылар алқасының шешімімен «Инженерия және көлік қызметтері» кафедрасының оқытушысы, магистр Куракбай М.Б. жеңімпаз атанып, Гран-приге ие болды. «Мектепке дейінгі және бастауыш білім» кафедрасының аға оқытушысы, магистр Имагамбетова А.А. жүлделі І орынды иеленіп, І дәрежелі диплом алды. «Қазақ тілі мен әдебиеті»  кафедрасының аға оқытушысы, магистр Хабашева А.М. және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушылары, магистрлер Таванова Н.М., Имангазина Н.А. жүлделі ІІ орынға ие болып, ІІ дәрежелі диплом алды.Жүлделі ІІІ орынды екі әдістемелік жоба авторлары иеленді – «Экономика және басқару» кафедрасының доценті, э.ғ.к. Кайыргалиева М.Г., «Құқық және жалпы білім беру пәндері» кафедрасының аға оқытушылары Сулейменова Э.Б. (филос.ғ.к.), Отаралиева Г.Е. (магистр). Оларға ІІІ дәрежелі диплом табысталды.

Жобаға қатысқан ең жас оқытушы «Педагогика және психология» кафедрасының оқытушысы, магистр Жумаганбетова Б.Т. «Жас жаңашыл әдіскер» номинациясын иеленді. «Шетел тілдері мен әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы, магистр Сабирова Н.Ж. «Креативтілігі» үшін номинациясында үздік атанды.

«Үздік әдістемелік жоба» байқауының қатысушыларына сертификаттар мен сыйлықтар, жүлдегерлерге ақшалай сыйақы табысталды.